Turan Film Academy аға-оқытушысы АҚШ-та кино, медиа және коммуникация саласында зерттеу жүргізуде

Turan Film Academy жоғары мектебінің аға-оқытушысы, режиссер және PhD докторант Диас Азимжанов АҚШ астанасы Вашингтон қаласындағы Джордж Вашингтон университетінде (George Washington Univesity) ғылыми тағылымдама аясында зерттеу жүргізуде. Тағылымдама халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту шеңберінде іске асырылуда, сонымен қатар – кино, медиа және коммуникация салалары бойынша докторлық диссертацияның зерттеу шеңберін кеңейтуге бағытталған.

Ғылыми зерттеу жұмысы – кинотану, медиа және халықаралық қатынастар салаларының танымал маманы, профессор Питер Роллбергтің (Peter Rollberg) жетекшілігімен және медиа саласындағы қауымдастырылған профессор және зерттеуші Қарлыға Мысаевамен бірлесіп жүзеге асырылуда. Зерттеудің негізгі бөлігі университеттің ғылыми кітапханасында, сондай-ақ АҚШ-тың астаналық аймағындағы ең ірі академиялық кітапханаларды біріктіретін және ғылыми, мұрағаттық, аудиовизуалды материалдарға қолжетілімділік беретін Washington Research Library Consortium (WRLC) негізінде жүзеге асырылады. Дереккөздермен жұмыс істеудің жеке бөлігі әлемдегі мұрағаттық және аудиовизуалды қорлардың ең ірісі болып табылатын АҚШ Конгресс кітапханасында (Library of Congress) өткізілуде.

Зерттеу аудиовизуалды шығармалардың қоғамның ұжымдық және әлеуметтік-мәдени жадын қалай бейнелейтінін, қалыптастыратынын және қалай түсіретінін қарастырады. Тарихи тәжірибе мен қоғамдық өзгерістерді бейнелеу құралы ретінде кино мен медиа жүйелерді талдаудың халықаралық тәжірибесі басты назарда. Тағылымдама, сонымен қатар, академиялық семинарлар мен зерттеу пікірталастарына қатысуды көздейді, бұл әртүрлі елдердің ғалымдарымен кәсіби диалог жүргізуге және кино мен медиа саласындағы өзекті тәсілдермен танысуға мүмкіндік туғызады.

Мұндай тәжірибе тек жеке кәсіби өсу үшін ғана емес, сонымен қатар жергілікті академиялық ортада, атап айтқанда кино және медиакоммуникация саласында зерттеу мәдениетін дамыту үшін де аса маңызды.

Диас Азимжанов әріптесімізге табысты зерттеу жұмысы мен ғылыми жетістіктер тілейміз.